Активтер мен міндеттемелер туралы декларация жасау ерекшеліктері

2020 жылдың 01 қаңтарынан бастап ҚР жалпыға бірдей жеке тұлғалардың табыстарын және мүліктерін декларациялау міндеттемесі кіргізіледі. Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны келесі көрсетілген жеке тұлғалар декларация тапсыратын жылдың 01 қаңтары бойынша Қазақстан Республикасының кәмелетке толған азаматы; оралман; тұруға ықтиярхаты бар адам болып табылатын Қазақстан Республикасының резиденті; шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам (меншік құқығында мемлекеттік немесе өзге де тіркеуге жататын мүлкінің, сондай-ақ құқықтары және (немесе) мәмілелері Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік немесе өзге де тіркеуге жататын мүлкі болған жағдайда); кәмелетке толмаған адам болып табылатын жеке тұлға (меншік құқығында мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын мүлкінің, сондай-ақ құқықтары және (немесе) мәмілелері мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын мүлікінің (жекешелендірілген тұрғын үйге ортақ бірлескен меншік құқығындағы мүлікті қоспағанда), оның ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде болуы; республика аумағында немесе одан тысқары мемлекеттер банктеріндегі барлық жиынтық салымдарының мөлшері 160 еселенген ең төменгі жалақы мөлшерінен асқан жағдайда: ең төмен жалақының
500 еселенген мөлшерінен асатын басқа тұлғалардың осы адам алдындағы берешек (дебиторлық берешек) сомасының және (немесе) осы адамның басқа тұлғалар алдындағы берешек (кредиторлық берешек) сомасының болуы) активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсырады және бұл декларация аталған жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасында және оның шегінен тыс жерде мыналардың болуы туралы ақпаратты көрсетуге арналады:

1) мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын мүлкі, сондай-ақ құқықтары және (немесе) мәмілелері мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын мүлкі;

2) тұрғын үй құрылысына қатысу үлесі;

3) банктік шоттарда ақшасы;

4) «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жария етілген ақшаны қоспағанда, республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны тапсыратын жылдың алдындағы жылдың 31 желтоқсанына қолданыста болатын ең төмен жалақының 500 еселенген мөлшері шегінен аспайтын сомада көрсетілетін қолма-қол ақшасы;

5) Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған банктерге және банк операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға берешекті қоспағанда, басқа тұлғалардың жеке тұлға алдындағы берешегі (дебиторлық берешек) және (немесе) жеке тұлғаның басқа тұлғалар алдында берешегінің (кредиторлық берешек) – республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны тапсыратын жылдың алдындағы жылдың 31 желтоқсанында қолданыста болатын ең төмен жалақының 500 еселенген мөлшеріне тең жиынтық сомадан асқан жағдайда міндеттеменің немесе талаптың туындауына негіз болып табылатын шарт немесе өзге де құжат болған кезде көрсетіледі;

6) осы баптың 4-тармағында көрсетілген өзге де мүлік.

Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияға қосымшалар салықтық бақылау мақсаттары үшін салық органдары пайдаланатын, жоғарыда аталып өткен мәліметтер туралы ақпаратты егжей-тегжейлі көрсетуге арналған.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жеке тұлғалардың декларацияларын тапсыру міндеті жүктелген адамдар активтер мен міндеттемелер туралы декларацияға қосымшаларда мүлікті сенімгерлік басқаруға, трастқа беру туралы мәліметтерді де көрсетеді.

Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда жеке тұлғаның қалауы бойынша мынадай талаптар ескеріле отырып, басқа да мүлік көрсетілуі мүмкін:

1) асыл тастар мен бағалы металдар, олардан жасалған зергерлік бұйымдар және құрамында асыл тастар мен бағалы металдар бар басқа да заттар, сондай-ақ өнер және антиквариат туындылары осы мүліктің бір бірлігі үшін бағасы (құны) республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсыратын жылдың алдындағы жылдың 31 желтоқсанында қолданыста болатын ең төмен жалақының 500 еселенген мөлшерінен асқан және осындай мүліктің құнын растайтын құжаттар болған жағдайда көрсетіледі;

2) биологиялық активтер – ветеринариялық паспорт немесе осындай активтерге меншік құқығын растайтын өзге де құжат болған кезде;

3) мәдени құндылықтар – Қазақстан Республикасының мәдениет туралы заңнамасында айқындалған тәртіппен Ұлттық мәдени игілік объектілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізілген жағдайда;

4) 1- пункте көрсетілмеген өзге де мүліктер – Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес бағалаушы мен салық төлеуші арасындағы шарт бойынша жүргізілген бағалау туралы есепте айқындалған құнды қоса алғанда, осындай мүліктің құнын растайтын және (немесе) осындай мүлікке меншік құқығын растайтын құжаттар болған кезде.

Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті

Автор: Жасулан Мантаев