Сот актілеріне апелляциялық шағымдану

Сот актілеріне апелляциялық шағымдану

 

Мемлекеттік кірістер органдары, сондай-ақ азаматтар да сот процесіне қатысушылар бола отырып, бірінші сатыдағы соттың шешімімен келіспейтін және шығарылған шешім әділетсіз деп есептейтін жағдайлар жиі орын алады.

Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті соттардың шешімдеріне апелляциялық тәртіппен шағымдану тәртібін түсіндіреді.

Бірінші сатыдағы сот актілеріне шағымдану тәртібі ҚР АІЖК-нің 52-тарауында толық сипатталған. Мәселен, аудандық (қалалық) және оларға теңестірілген соттар азаматтық істер бойынша сот актілерін шешімдер, анықтамалар, қаулылар, бұйрықтар түрінде қабылдайды.

Іс мәні бойынша шешілетін бірінші сатыдағы соттың сот актісі шешім нысанында шығарылады. Заңды күшіне енбеген сот шешіміне апелляциялық тәртіппен шағым жасалуы мүмкін. Сот шешіміне апелляциялық шағым жасау құқығы тараптарға және іске қатысушы басқа да тұлғаларға тиесілі. Апелляциялық шағым, наразылық шешім шығарған сот арқылы беріледі. Іске қатысуға тартылмаған, бірақ құқықтары мен міндеттеріне қатысты сот шешім қабылдаған адамдар да апелляциялық шағым беруге құқылы.

Шағымдарды, наразылықтарды шешім шығарған сотқа беру қажет. Олар сотқа іске қатысушы адамдардың саны бойынша көшірмелермен беріледі. Апелляциялық шағым, наразылық шешім түпкілікті нысанда шығарылған күннен бастап бір ай ішінде, ал сот талқылауына қатыспайтын адамдар шешімнің көшірмесін жіберген күннен бастап берілуі мүмкін. Апелляциялық шағымда бірінші сатыдағы сотта мәлімделмеген талаптар қамтылмайды,сондай-ақ шағымда шағым жасалған шешімнің заңды және негізді деп танылмайтынын растау үшін дәлелдер келтірілуге тиіс.

Бірінші сатыдағы сотқа ұсынылмаған жаңа дәлелдемелерге сілтеме жасауға, егер шағымда оларды бірінші сатыдағы сотқа ұсынудың мүмкін еместігінің негіздемесі болса, оның ішінде, егер адам бірінші сатыдағы сотқа іске қатысуға тартылмаса, сондай-ақ егер бірінші сатыдағы сотта оларды зерттеу немесе талап ету туралы өтініш мәлімделген болса, бірақ ол қанағаттандырусыз қалдырылған болса, жол беріледі.

Сонымен қатар, апелляциялық саты істі тек судьяға мәлімделген талаптар шегінде ғана қарайды, апелляциялық сатыдағы сотта нысанасы мен негіздемесін, сондай-ақ талаптар мөлшерін өзгертуге жол берілмейді. Осыған байланысты апелляциялық шағымда бірінші сатыдағы сотқа мәлімделмеген қосымша талаптар қамтылмайды.

Апелляциялық сатыдағы сот іске қатысатын адамдарға сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарлайды

Апелляциялық сатыдағы сотта іс, әдетте, ол сотқа келіп түскен күннен бастап екі ай мерзімде қаралуға тиіс.

Осылайша, апелляциялық саты-бұл факт тұрғысынан да, құқық тұрғысынан да бірінші сатыдағы сот жол берген сот қателіктерін түзеуге арналған негізгі саты.

Автор записи: Жасулан Мантаев