САЛЫҚ САЛЫНБАЙТЫН АЙНАЛЫМ ЖӘНЕ САЛЫҚ САЛЫНБАЙТЫН ИМПОРТ

Салық салынбайтын импорт Қазақстан Республикасының Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы кодексінің (бұдан әрі – Салық кодексі) 45 тарауының 399 бабымен белгілінген.

 

Қосылған құн салығынан босатылатын импорт

1. Мыналардың:

1) ұлттық және шетел валютасы банкноттары мен монеталарының (мәдени-тарихи құндылықты білдіретін банкноттар мен монеталардан басқа), сондай-ақ бағалы қағаздардың;

2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi және оның ұйымдары жүзеге асыратын, ақша белгілерiн шығаруға арналған шикiзаттың;

3) Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес бекітілген, тауарларды бажсыз әкелу нормалары бойынша жеке тұлғалар жүзеге асыратын тауарлардың;

4) акцизделетіндерді тауарларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен гуманитарлық көмек ретінде әкелінетін тауарлардың;

5) акцизделетін тауарларды қоспағанда, қайырымдылық көмек, техникалық жәрдем көрсету мақсатында мемлекеттердің, мемлекеттер үкіметтерінің, халықаралық ұйымдардың желісі бойынша әкелінетін тауарлардың;

6) мемлекеттердiң, мемлекеттердің үкiметтерi мен халықаралық ұйымдардың желiсi бойынша берiлген гранттардың қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын тауарлардың;

7) Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттiң дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкiлдiктерiнiң, шет мемлекеттің консулдық мекемелерінің ресми пайдалануы үшiн, сондай-ақ олармен бірге тұратын отбасы мүшелерін қоса алғанда, осы өкілдіктердің дипломатиялық және әкiмшiлiк-техникалық персоналына жататын адамдардың, олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерiн қоса алғанда, консулдық лауазымды адамдардың, консулдық қызметшілердің жеке пайдалануы үшiн әкелiнетiн және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес қосылған құн салығынан босатылатын тауарлардың;

8) салық төлеуден босатуды көздейтін кедендік рәсіммен орналастырыла отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес кедендік декларациялауға жататын тауарлардың;

9) ғарыш қызметіне қатысушылар әкелетін, тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған ғарыш объектілерінің, жербеті ғарыш инфрақұрылымы объектілері жабдығының импорты қосылған құн салығынан босатылады. Осы тармақшаның ережелері нысанын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін, ғарыш қызметі саласындағы уәкілетті органның осындай ғарыш объектілері мен жабдықтың ғарыш қызметінің мақсаттары үшін әкелінгені туралы растауы негізінде қолданылады;

10) Дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың мемлекеттік тізілімінде тіркелген;

11) ветеринария саласында пайдаланылатын (қолданылатын) дәрілік заттардың; протездік-ортопедиялық бұйымдарды қоса алғанда, ветеринариялық мақсаттағы бұйымдардың және ветеринариялық техниканың, мүгедектерге берілетін арнайы қозғалыс құралдарының, сурдотифлотехниканың; кез келген нысандағы дәрілік заттарды,
протездік-ортопедиялық бұйымдарды қоса алғанда, медициналық (ветеринариялық) мақсаттағы бұйымдарды және медициналық (ветеринариялық) техниканы өндіруге арналған материалдардың, жабдықтар мен жинақтаушы зарттардың импорты қосылған құн салығынан босатылады.

12) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, екінші деңгейдегі банк немесе бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушы – заңды тұлға импорттайтын инвестициялық алтынның;

13) Қазақстан Республикасының әділет органдарында тіркелген діни бірлестіктер әкелетін діни мақсаттағы заттардың импорты қосылған құн салығынан босатылады.

14) әкелінген шикізатты және (немесе) материалдарды қосылған құн салығын төлеуші талап қоюдың ескіру мерзімі шегінде тек қана инвестициялық келісімшарт шеңберінде қызметін жүзеге асыру кезінде қолданса, инвестициялық келісімшарт шеңберіндегі (инвестициялық басым жобаны және инвестициялық стратегиялық жобаны қоспағанда) шикізаттың және (немесе) материалдардың импорты қосылған құн салығынан босатылады.

15) ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілерге қатысты – индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органмен ауыл шаруашылығы техникасын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім болса, инвестициялар жөніндегі уәкілетті органмен жасалған арнайы инвестициялық шарт шеңберінде заңды тұлға еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырған көлік құралдарының және (немесе) ауыл шаруашылығы техникасының құрамындағы шикізаттың және (немесе) материалдардың;

16) өңделмеген бағалы металдардың, бағалы металдардың сынықтары мен қалдықтарының және құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларының импорты қосылған құн салығынан босатылады.

2. Осы баптың 1-тармағының 1) – 13) тармақшаларында көрсетілген тауарлардың импортын қосылған құн салығынан босату тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

3. Инвестициялар жөніндегі уәкілетті органмен арнайы инвестициялық келісімшарт жасасқан заңды тұлға бір мезгілде мынадай шарттар сақталған кезде:

1) тауарлар еркін кедендік аймақ немесе еркін қойма кедендік рәсімімен орналастырылса;

2) еркін кедендік аймақ немесе еркін қойма кедендік рәсімі ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен аяқталса;

3) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес дайын өнім құрамындағы тауарларды сәйкестендіру жүзеге асырылса, арнайы экономикалық аймақтың немесе еркін қойманың аумағында өндірілген дайын өнім құрамындағы тауарлардың импорты кезінде қосылған құн салығын төлеуден босатуды қолдануға құқылы.

 

Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті

Автор: Макажанова Меруерт