Құрметті салық төлеушілер!

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке кәсіпкерлердің патент негізінде арнаулы салық режимін қолдану жөніндегі талаптарды өзгерту бөлігінде салық кодексінің нормалары күшіне енеді.

            Осылайша, салық кодексімен 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қызмет түрлерінің шектеулі тізбесі енгізіледі (32 түрі), оларды жүзеге асыру кезінде патентті қолдану құқығы сақталады.

            Қызмет түрі рұқсат етілген тізбеге енгізілмеген салық төлеушілер салық салудың көрсетілген режимдерінің біріне көшуі керек:

            -оңайлатылған декларация негізінде немесе тіркелген шегерімді пайдалана отырып арнаулы салық режимі;

            -салық салудың жалпы белгіленген тәртібі.

            Патент режимін қолданатын дара кәсіпкерлер патенттен басқа салық режимдеріне көшу үшін салық салу режимін таңдауды анықтау және салық органдарына электронды түрде (салық төлеушінің кабинеті арқылы) немесе қағаз тасығышта хабарлама (салық салудың қолданылатын режимі туралы хабарлама) жіберу қажет.

            Бұл ретте мұндай дара кәсіпкерлер хабарламада дұрыс рәсімдеу үшін таңдалған салық салу режимін, ал себебі ретінде – күнін міндетті түрде көрсете отырып, патентті қолдану шарттарына сәйкес келмейтінін – 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап көрсетуі қажет.

            Көрсетілген хабарлама 2020 жылғы 1 қаңтарға дейінгі мерзімде ұсынылмаған жағдайда, салық органдары мұндай салық төлеушілерді тек Жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне ғана аударуға міндетті болады, одан шағын бизнес үшін басқа арнайы салық режимдеріне бір жылдан кейін ғана көшу мүмкін болады.

Кәсіпкерлер өтетін басқа АСР қолданудың артықшылықтары

            Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «СЫНДАРЛЫ ҚОҒАМДЫҚ ДИАЛОГ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ МЕН ӨРКЕНДЕУІНІҢ НЕГІЗІ» атты Жолдауын іске асыру шеңберінде арнайы салық режимдерін қолданатын және шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілері болып танылатын кәсіпкерлер үш жыл мерзімге табыс салығын төлеуден босатылады.

            Есеп жүргізу мен салық есептілігін ұсынудың оңайлатылған тәртібі, бухгалтерлік есепті жүргізуден босату сақталады.

            Патент негізінде арнаулы салық режимін қолдану үшін рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесі:

такси қызметін; автомобиль көлігімен жүк тасымалдауды; шаштараз қызметтерін; маникюрді және педикюрді; сылақ жұмыстарын;ағаш ұсталығы мен ағаш шеберлігі жұмыстарын;еден жабу және қабырға қаптау жөніндегі жұмыстарды;бояу және шынылау жұмыстарын; сыйақы үшін немесе шарт негізінде жылжымайтын мүлікті басқаруды; фотография саласындағы қызметті; аударма (ауызша және жазбаша) ісін; мүліктік жалдауға (жалға) беруді; көлік құралдарын мүліктік жалдауға (жалға) беруді; ойын-сауық және спорттық керек-жарақтарды прокатқа және мүліктік жалдауға (жалға) беруді; бейнежазбалар мен дискілерді прокатқа беруді; басқа да жеке тұтыну заттарын және тұрмыстық тауарларды прокатқа беруді және мүліктік жалдауға (жалға) беруді; ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдығын мүліктік жалдауға (жалға) беруді; есептеуіш техниканы қоса алғанда, кеңсе машиналары мен жабдығын мүліктік жалдауға (жалға) беруді; спорттық білім және бос уақытты ұйымдастыру мамандарына білім беру саласында көрсетілетін қызметтерді; мәдениет саласындағы білім берудің көрсетілетін қызметтерін; басқа да білім беру саласында көрсетілетін қызметтерді; қосалқы білім беру қызметтерін; өнер саласындағы қызметті; компьютерлерді және перифериялық жабдықты жөндеуді; коммуникациялық жабдықты жөндеуді; жеке тұтыну заттарын және тұрмыстық тауарларды жөндеуді; ветеринариялық көрсетілетін қызметтерді; жер учаскелерін өңдеу бойынша көрсетілетін қызметтерді; тұрғын үй-жайларды жинау және үй шаруашылығын жүргізу бойынша көрсетілетін қызметтерді; базарларда, вокзалдарда жүк тасушылар көрсететін қызметтерді; музыкалық аспаптарды жасауды және жөндеуді; үй жануарларын бағуды.

 

Нұр – Сұлтан қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті