Қазақстан Республикасында төлеуге жататын кедендік баждар, кедендік алымдар, салықтар, өсімпұлдар, пайыздар, аванстық төлемдер сомалары төлеу тәртібі

Қазақстан Республикасында төлеуге жататын кедендік баждар, кедендік алымдар, салықтар, өсімпұлдар, пайыздар, аванстық төлемдер сомалары төлем құжаттарында салық төлеушінің тіркеу орны бойынша мемлекеттік кірістер органының деректемелерін көрсете отырып, мыналарды:

      — кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды шығаруды және Кодекстің 40-тарауына сәйкес халықаралық тасымалдаудың көлік құралдарын шығаруды не Қазақстан Республикасының аумағында Кодекстің 157-бабының 4-тармағында, 163-бабының 3-тармағында, 174-бабының 4-тармағында, 362-бабының 8-тармағында, 363-бабының 4-тармағында және 371-бабының 4-тармағында көрсетілген мән-жайлар анықталған кезде не Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды дұрыс кедендік декларацияламай, заңсыз өткізуді қоспағанда, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды заңсыз өткізу фактісі анықталғанда, кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, өсімпұлдарды, пайыздарды төлеу осы мән-жайлар және (немесе) тауарларды заңсыз өткізу анықталған мемлекеттік кірістер органында жүргізіледі;

      — тауарларды шығару орнында төлем жүргізетін жеке тұлғалар-бейрезиденттерді қоспағанда төленеді.

      Кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, өсімпұлдарды, пайыздарды төлеуді екінші деңгейдегі банктер, сондай-ақ банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы төлеушілер немесе төлеушінің тапсырмасы бойынша үшінші тұлғалар жүргізеді. Кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, өсімпұлдарды, пайыздарды төлеуге арналған төлем құжаттарында төлеуші тіркеу есебінде тұрған мемлекеттік кірістер органының – бенефициардың деректемелері көрсетіледі.

       Кедендік баждар, кедендік алымдар, салықтар, өсімпұлдар, пайыздар, ұлттық валютада қолма-қол және қолма-қол ақшасыз тәсілде, сондай-ақ Кодекстің 110, 112 — баптарында белгіленген тәртіпте есепке жатқызуды жүргізу арқылы бюджетке төлейді.

       Төлеушінің тапсырмасы бойынша үшінші тұлғалар кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, өсімпұлдарды, пайыздарды төлеген кезде төлем құжатының төлем мақсатында кедендік баждарды, салықтарды төлеу жүргізілетін төлеушінің толық атауын, сондай-ақ оның сәйкестендіру нөмірін қосымша көрсетеді.

       Кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, өсімпұлдарды, пайыздарды төлеуші бюджетке Кодекстің 77, 90, 124, 351-баптарына және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) (бұдан әрі – Салық кодексі) 425, 475-баптарында көзделген мерзімдерде төлейді.

       Кедендік әкелу баждарын төлеу мерзімдерін өзгерту Кодекстің 91-бабына сәйкес жүргізіледі.

       Салықтарды төлеу мерзімін өзгерту Кодекстің 91-бабына сәйкес және Салық кодексінің 49, 50-баптарына сәйкес жүргізіледі.

         Төлеушілер кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, өсімпұлдарды, пайыздарды бюджетке төлеуді Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 4 желтоқсандағы № 540 бұйрығымен бекітілген (нормативтік құқықтық актілерті мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9934 тіркелген) Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету қағидаларымен айқындалған тәртіппен жүзеге асырады.

           Кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, өсімпұлдарды, пайыздарды төлеу Қазақстан Республикасы кірістерінің бірыңғай бюджеттік жіктемесінің кірістердің тиісті коды «Қазақстан Республикасының Бірыңғай бюджеттік сыныптамасының кейбір мәселелері» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 18 қыркүйектегі № 403 бұйрығымен бекітілген (нормативтік құқықтық актілерті мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9756 тіркелген) бойынша жеке жүргізіледі.

       Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті

Автор: Макажанова Меруерт