Қазақстан Республикасында тері бұйымдарын таңбалау басталады

Қазақстан Республикасында тері бұйымдарын
таңбалау басталады

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кірістер комитеті осы жылдың 4-тоқсанында табиғи тері бұйымдарын таңбалауға бағытталған пилоттық жобаны іске қоспақ. Ол үшін қажетті ақпараттық жүйені дайындап, нормативтік-құқық актілерді қабылдадық.  Қолға алынбақ бұл шара не бермек? — Ең біріншіден, тұтынушы сатып алатын тауары туралы толық ақпаратпен қамтамасыз етіліп, контрафактілік өнімнен қорғалады. Екіншіден, кәсіпкерлерге бизнес жүргізу үшін бәсекелестік жағдай теңестіріліп, нарықты заңсыз өнімдерден қорғау және зияткерлік меншік құқықтарын сақтау жүзеге асырылады. Үшіншіден, мемлекет үшін көлеңкелі экономика көлемін қысқартып, бюджетке салықтардың түсімін арттыруға мүмкіндік ашылады. Таңбалауға заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер өндірген немесе әкелген қара күзен, саз құндыз, ақ түлкі не қызыл түлкі, үй қояны не қоян, жанат, қой терісінен жасалған киімдер жатады. Жеке тұлғалар өздері кию үшін әкелген тері бұйымдары бақылау, яғни сәйкестендіру белгілерімен таңбаланбайды.   Бізден бұрын мұндай шараны қолға алған Ресей мен Беларусь тәжірибесі оң нәтиже көрсетіп отыр. Мәселен, аталған елдерде таңбалау жүйесі қолданыста болған бірінші жылда, яғни 2016 жылдың тамызынан бастап 2017 жылдың шілдесіне дейінгі аралықта тері бұйымдарының заңды айналымы 1 жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда 7 есеге, 1,1 миллионнан астам данаға дейін өскен. Дәл осы аралықта аталған елдердегі тері бұйымдарының декларацияланған импорты 1,5 есеге дейін немее 346 мың данаға дейін артқан.
Қосымша хабарлаймыз, толық ақпаратты Мемлекеттік кірістер комитетінің және ҚР ҰКП «Атамекен» сайттарынан алуға болады.

Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті

Автор: Жасулан Мантаев