Мерзімінде орындалмаған салықтық міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдері мен мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары

Разместил: zhasulan1 Размещено: 27 февраля 2018 11:02 Категория: Статьи Музея развития ОГД РК Просмотров: 284

Мерзімінде орындалмаған салықтық міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдері мен мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары

Салықтардың және бюджетке төленетін төлемдер белгіленген мерзімдерде төленбеген немесе толық төленбеген жағдайларда берешек қалыптасады. салық және бюджетке төленетін төлемдер бойынша берешек Салық органдарымен «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексінің (ары қарай-Салық кодексі) 13 және 14 тарауында белгіленген тәртіппен өндіріп алады.
Айта кетерлік жайт, Елбасымен 2017 жылы 25 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Заңнамаларында біршама өзгерістер енгізілді. Бірі болып, Салық кодексінің 13-14 тараулары, мәжбүрлі өндіріп алу шараларының тәуекел деңгейіне қарай қолданылатындығымен толықтырылды.
Алайда, 2017 жылы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңнамасына сәйкес, аталған әрекет 2019-2020 жылдың 1 қаңтарына дейін тоқтатылды. Яғни, 2018 жылы мәжбүрлі өндіріп алу шаралары іс-әрекеттегі Салық кодекспен қолданылатын болады.
Салық төлеушінің (салық агентінің) белгіленген мерзімде салықтық міндеттемесін орындамаған жағдайда, салық органымен келесідей қамтамасыз ету және мәжбүрлі өндіріп алу шаралары қолданылады.
-1) салық төлеушіге Салық кодексінің 114 бабына сәйкес, салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама жіберіледі.
Салық кодексінің 114 бабына сәйкес, салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама, салық органымен салық төлеушіге (салық агентіне) қағаз жеткізгіште немесе электрондық тәсілмен жіберген, оның салықтық міндеттемені орындау, сондай-ақ бақылау салық органдарына жүктелген әлеуметтік төлемдерді толық есептеу және уақтылы төлеу қажеттігі туралы хабары деп табылады. Хабарламалардың нысандарын уәкілетті орган бекітеді.
Сонымен қатар, Салық кодексінің 116 бабына сәйкес, салық төлеушінің (салық агентінің) белгіленген мерзімде орындалмаған салықтық міндеттемесін орындау мынадай тәсілдермен қамтамасыз етілуі мүмкін:
1)    салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің, оның ішінде олар бойынша аванстық және (немесе) ағымдағы төлемдердің төленбеген сомасына өсімпұлды есепке жазу;
Салық кодексі 117 бабының 2-тармағында белгiленген, салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің, оның ішінде олар бойынша аванстық және (немесе) ағымдағы төлемдердің мерзiмiнде төленбеген сомасына есепке жазылатын мөлшер өсiмпұл деп танылады.
Өсімпұл, салықты және бюджетке төленетін төлемді, оның ішінде олар бойынша аванстық және (немесе) ағымдағы төлемді төлеу мерзімі күнінен кейінгі күннен бастап, бюджетке төлеген күнді қоса алғанда, салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындаудың мерзімі өткен әрбір күні үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мерзімі өткен әрбір күнге белгілеген қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшерінде есептелінеді.
2)    Салық төлеушінің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру;
Салық кодекстің 118-ші бабына сәйкес, салық төлеуші салық және бюджетке төленетін төлемдер бойынша берешекті, өсімпұлдарды өтемеген жағдайда, салық органы салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама берілген күннен кейінгі он жұмыс күні өткеннен кейін салық төлеушінің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы салық органының өкімін шығарады.
Шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкiм шығарған салық органы банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру себептерi жойылған күннен кейiнгi бiр жұмыс күнiнен кешiктiрмей банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкiмнiң күшiн жояды.
3)    Касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру;
Яғни, Салық кодексінде көрсетілген 119-шы бапқа сәйкес, салық төлеуші салық және бюджетке төленетін төлемдер бойынша берешекті, өсімпұлдарды өтемеген жағдайда, салық органы салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама берілген күннен кейінгі он жұмыс күні өткеннен кейін салық төлеушінің кассасы бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруды жүргізеді.
Салық органы салық төлеуші бюджетке берешекті өтегеннен кейін бір жұмыс күнінен кешіктірмей салық органының касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімінің күшін жояды.
4)    Салық төлеушінің мүлкіне билік етуін шектеу туралы шешім шығару;
Салық төлеушінің мүлкіне билік етуін шектеу туралы шешім, салық органымен белгіленген нысанда, салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама табыс етілген күннен бастап он бес жұмыс күні өткен  соң жүргізіледі.
Салық төлеушінің (салық агентінің) мүлікке билік етуін шектеу туралы шешiм уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша жасалады және оны салық органы:
- мұндай шешiм шығарылған күнi салық төлеушiнiң (салық агентiнiң) жеке шотында бар деректер бойынша салықтық берешек сомасына;
- салық төлеуші (салық агенті) шағым жасайтын салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің және өсімпұлдың сомасына қабылдайды.
Салық органы мүлікке билік етуді шектеу туралы шешімді салық төлеушіге (салық агентіне) табыс еткен күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей мұндай шешімнің көшірмесін уәкілетті мемлекеттік органдарға оған құқық немесе ол бойынша мәмілелер мемлекеттік тіркеуге жататын мүлікке не мемлекеттік тіркеуге жататын мүлікке құқықтық ауыртпалықтарды тіркеу үшін жібереді.
Салық төлеушінің (салық агентінің) мүлкіне билік етуді шектеу туралы шешім салық төлеушіге (салық агентіне) табыс етілген күннен бастап он жұмыс күні өткен соң салық органы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша мүлік тізімдемесінің актісін жасау арқылы салық төлеушінің (салық агентінің) қатысуымен билік ету шектелген мүлікке тізімдеме жүргізеді.
Билік ету шектелген мүліктің тізімдемесі салық төлеушінің (салық агентінің) бухгалтерлік есепке алу деректері негізінде айқындалатын баланстық құны немесе нарықтық құны мүлік тізімдемесінің актісінде көрсетіле отырып жүргізіледі. Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес жүргізілген бағалау туралы есепте айқындалған құн нарықтық құн болып табылады.
Салықтық берешек өтелмеген және екі аукцион өткізілгеннен кейін билік ету шектелген мүлік өткізілмеген жағдайда, салық органы бастапқы тізімдеме актісінің күшін жою және мүлік тізімдемесінің жаңа актісін жасау күнгі салықтық берешек сомасы туралы салық төлеушінің (салық агентінің) жеке шотындағы деректерді ескере отырып, мүлік тізімдемесінің жаңа актісін жасау арқылы салық төлеушінің (салық агентінің) басқа мүлкіне тізімдеме жүргізуге құқылы.
Салық органымен белгілеген нысан бойынша шешімнің негізінде жасалған мүлік тізімдемесі актісінің күшін жояды:
- салық төлеуші (салық агенті) салықтық берешек сомаларын өтеген жағдайда – осындай берешекті өтеген күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей;
- уәкілетті орган шешім шығарған немесе тексеру нәтижелері туралы хабарламаның шағым жасалатын бөлігінің күшін жоятын сот актісі заңды күшіне енген жағдайда – осындай шешім шығарылған немесе осындай сот актісі күшіне енген күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей;
- салық төлеуші (салық агенті) тексеру нәтижелері туралы хабарламаға өз шағымын кері қайтарып алған жағдайда – осындай шағым кері қайтарып алынған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей мүлiкке билік етуді шектеу туралы шешiмнің және уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша осындай шешімнің негізінде жасалған мүлік тізімдемесі актісінің күшін жояды.
Сонымен қатар, мәжбүрлі өндіріп алудың келесідей тәртіптері қолданылады:
1)    салық төлеушінің банк шоттарындағы ақша есебінен;
Салық кодексінің 122 бабына сәйкес, салық төлеушінің (салық агентінің) екінші деңгейдегі банкте немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымда ашылған банктік шоттарынан салықтық берешек сомасын өндіріп алу, осындай екінші деңгейдегі банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым берген қарыздар бойынша қамтамасыз ету болып табылатын ақша сомасын қоспағанда, көрсетiлген қарыздың өтелмеген негiзгi борышы мөлшерiнде салық органының инкассалық өкімі негізінде жүргізіледі.
Салық органы инкассалық өкімді оны жасау күнгі салықтық берешек сомасы туралы деректер негізінде жасайды.
Салық органы салықтық берешек өтелген күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей инкассалық өкімді кері қайтарып алады. 
2)    салық төлеушінің төлеуші дебиторларының шоттарынан;
Салық төлеушiде (салық агентінде) банктік шоттар болмаған жағдайда, сондай-ақ осы Салық кодекстің 122-бабында айқындалған тәртіппен жүргізілген, банктік шоттарындағы ақша есебінен өндіріп алынғаннан кейін салықтық берешек өтелмеген кезде салық органы түзілген салықтық берешек шегiнде салық төлеушiге (салық агентіне) берешегi бар үшiншi тұлғалардың (бұдан әрi – дебиторлардың) банктік шоттарындағы ақшаға өндіріп алуды қолданады.
Салық төлеушi (салық агенті) ұсынған дебиторлар тiзiмiнiң және (немесе) салық органдарының ақпараттық жүйелерінен алынған дебиторлар туралы мәліметтердің және (немесе) дебиторлық берешек сомасын растайтын салық төлеушіні (салық агентін) тексеру актiсiнiң негiзiнде салық органы дебиторларға салық төлеушiнiң (салық агентінің) салықтық берешегін өтеу есебіне  олардың банктік шоттарындағы ақшаға дебиторлық берешек сомалары шегiнде өндiрiп алуды қолдану туралы хабарлама жiбередi.
Дебиторлар хабарламаны алған күннен бастап жиырма жұмыс күнiнен кешiктiрмей, хабарламаны жiберген салық органына хабарламаны алған күнге салық төлеушiмен (салық агентімен) бiрлесiп жасалған өзара есеп айырысуларды салыстырып-тексеру актiсiн қағаз немесе электрондық жеткізгіште ұсынуға мiндеттi.
Өзара есеп айырысуларды салыстырып-тексеру актісінің немесе дебиторлық берешек сомасын растайтын дебиторды тексеру актісінің негізінде салық органы дебитордың банктік шоттарына салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық берешегі сомасын өндіріп алу туралы инкассалық өкімдер шығарады.
Дебитор мен салық төлеушi (салық агенті) арасындағы өзара есеп айырысуларды салыстырып-тексеру актiсiнде көрсетiлген дебиторлық берешек өтелген жағдайда, салық төлеушiнiң (салық агентінің) салықтық берешегі сомасын өндiрiп алу туралы дебитордың банктік шоттарына шығарылған инкассалық өкiмдер дебитор немесе салық төлеушi (салық агенті) салық органына мұндай берешектiң өтелгенiн растайтын құжаттарды қоса бере отырып, өзара есеп айырысуларды салыстырып-тексеру актiсiн ұсынған күннен кейінгі бір жұмыс күнi iшiнде керi қайтарып алуға жатады.
3) Салық төлеушінің (салық агентінің) билік ету шектелген мүлкін бюджетке берешек есебіне өткізу есебінен өндіріп алу;
Салық төлеуші және (немесе) үшінші тұлға кепілге қойған мүлікті, сондай-ақ салық төлеушінің (салық агентінің) билік ету шектелген мүлкін өткізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
Уәкілетті заңды тұлға сот орындаушысы тыйым салған, билік ету шектелген мүлікті өткізген жағдайда, осындай мүлікті өткізуден түскен ақша сомасы  Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген борышкер мүлкінің есебінен талаптарды қанағаттандыру кезектілігіне сәйкес бөлінеді.
4) Салық төлеуші (салық агенті) – жарғылық капиталына мемлекет қатысатын акционерлiк қоғамның жарияланған акцияларын мәжбүрлеп шығарту;
Салық кодекстiң 121-бабы 3-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген барлық шара қабылданғаннан кейін салық төлеуші (салық агенті) – жарғылық капиталына мемлекет қатысатын акционерлік қоғам салықтық берешек сомаларын өтемеген жағдайда, уәкілеттi орган Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртiппен жарияланған акцияларды мәжбүрлеп шығарту туралы талап арызбен сотқа жүгінеді.
Сот шешімі бойынша оларды өтеу үшін жарияланған акцияларды мәжбүрлеп шығарту жүргізілетін салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді төлеу жөніндегі салықтық міндеттемелерді, сондай-ақ өсімпұлды, айыппұлдарды төлеу жөніндегі міндеттемелерді орындау мерзімдері соттың жарияланған акцияларды мәжбүрлеп шығару туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап және оларды орналастыру аяқталғанға дейін тоқтатыла тұрады.
Сонымен қатар, Салық кодексінің 126 бабына сәйкес, барлық шара қабылданғаннан кейін салық төлеуші (салық агенті) бюджетке берешек сомасын өтемеген жағдайда, салық органы Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасына сәйкес оны банкрот деп тану жөнінде шаралар қабылдауға құқылы.
Банкрот деп танылған салық төлеушiнi (салық агентін) тарату тәртібі Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Дара кәсіпкер, жеке практикамен айналысатын адам болып табылмайтын жеке тұлға республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын 1 еселенген айлық есептік көрсеткіштен асатын мөлшердегі салықтық берешегін жеке тұлғалардың салықтық берешегі туралы хабарлама табыс етілген күннен бастап отыз жұмыс күні өткен соң төлемеген немесе толық төлемеген жағдайларда, салық органы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша жеке тұлғаның берешегін өндіріп алу туралы салық бұйрығын шығарады (бұдан әрі – салық бұйрығы) және оны шығарған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей жеке тұлғаға жібереді.
Жеке тұлға салықтық берешегін өтемеген кезде салық органы жеке тұлғаға салық бұйрығы табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей осындай салық бұйрығын Қазақстан Республикасының атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасында айқындалған тәртіппен мәжбүрлеп орындау үшін атқарушылық іс жүргізу органдарына жібереді.
Салық бұйрығын шығарған салық органы жеке тұлға салықтық берешегін өтеген күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей салық бұйрығының күшін жояды. 
Және де, салық органдары салықтық берешек туындаған күннен бастап төрт ай ішінде өтелмеген:
-дара кәсіпкерлердің, жеке практикамен айналысатын
адамдардың – республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 10 еселенген мөлшерінен асатын;
-заңды тұлғалардың, олардың құрылымдық бөлімшелерінің – республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің
150 еселенген мөлшерінен асатын салықтық берешегі бар салық төлеушілердің (салық агенттерінің) тізімін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
Бұл ретте тізімдерде салық төлеушінің (салық агентінің) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса) не атауы, экономикалық қызмет түрі, сәйкестендіру нөмірі, салық төлеуші (салық агенті) басшысының тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса) және салықтық берешегінің жалпы сомасы көрсетіледі.
Уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылған салық төлеушілердің (салық агенттерінің) тізімі осы бапта көрсетілген өлшемшарттарға сәйкес келетін салық төлеушілерді (салық агенттерін) қосу, сондай-ақ салықтық берешегін өтеген немесе салықтық міндеттемелері тоқтатылған салық төлеушілерді (салық агенттерін) шығару арқылы аяқталған тоқсаннан кейінгі айдың 20-сынан кешіктірілмей тоқсан сайын жаңартылады.


А.К.Ескалиева
Астана қ. бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті
Борыштармен жұмыс басқармасы
Мәжбүрлеп өндіріп алу бөлімінің
бас маманы


Поделиться ссылкой: # # # # # # # # # # # #
Кто онлайн