«ҚЫЛМЫСТЫҚ-ПРОЦЕСТІК ЗАҢНАМА НОВЕЛЛАЛАРЫ»

Разместил: zhasulan1 Размещено: 30 января 2018 15:46 Категория: Статьи Музея развития ОГД РК Просмотров: 249

 «ҚЫЛМЫСТЫҚ-ПРОЦЕСТІК ЗАҢНАМА НОВЕЛЛАЛАРЫ»



      Қылмыстық-процестік кодекстің тұжырымдамалық жаңа редакциясының басты мақсаты қылмыстық процестің тиімділігін оңайлату және арттыру, оны халықаралық стандарттарға сәйкестендіру және азаматтардың конституциялық құқықтарын барынша толық қорғау болып табылады. 
Бәріне мәлім болғанындай, 2017 жылғы 21 желтоқсандағы №118-VI Қазақстан Республикасының Заңымен құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. 
Қылмыстық істер өндірісінің жаңа тәртібі негізсіз айыптаудан және соттаудан, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын заңсыз шектеуден қорғауды мүлтіксіз қамтамасыз етуге, кінәсізді заңсыз айыптаған немесе соттаған жағдайда – оны мүлтіксіз және толық оңалтуға, сондай-ақ заңдылықты және құқық тәртібін нығайтуға, қылмыстардың алдын алуға, құқыққа құрметпен қарауды қалыптастыруға, қылмыстық процестегі айыптаушы және қорғаушы тараптардың жарыспалылық қағидатын дамытуға бағытталған.    
Мемлекет бизнесті қорғау бойынша, оның ішінде қылмыстық қудалау органдары тарапынан заңсыз араласудан қорғау шараларын қабылдады. Экономикалық қылмыс жасағаны үшін қамауда ұстауға, экономика саласында қылмыс жасауда залалды өтеген жағдайда бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауға заңнамамен тыйым салу көзделді, экономикалық қылмыстық құқық бұзушылықтың барлық құрамы бойынша санкциялар төмендеді.   
      Аталған шараларды қабылдау мемлекетке келтірілген залалды өтеуге, түрмедегі халықты азайтуға, экономикалық құқықтық қатынастарды әкімшілік әдістермен реттеу мақсатында қылмыстық қудалау органдарының оларға араласуын төмендетуге бағытталған.     
Төмендегі қылмыс түрлері бұл ережеге жатқызылмайды: рейдерлік; қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру; ақшаны, құнды қағаздарды қолдан жасау және өткізу; мәміле жасасуға күштеп көндіру; экономикалық контрабанда; қаржы приамидалары және ҰҚТ. Аталған өзгешеліктер ҚР ҚПК  147-бабымен көзделген. 
     Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің (одан әрі – ҚР ҚПК) 131-бабы қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілген адамды процестік ұстап алу тәртібін көздейді. 
     Оның ішінде, аталған баптың 4-тармағына сәйкес, аса ауыр қылмыс; террористік немесе экстремистік қылмыс; жаппай тәртіпсіздік барысында қылмыс; қылмыстық топ құрамында қылмыс; есірткі, психотроптық заттардың, прекурсорлардың және сол тектестердің заңсыз айналымына байланысты, кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар, сондай-ақ адам өліміне алып келген қасақана қылмыс  жасады деген күдік бойынша ұстап алуда жердің шалғайлығы немесе тиісті қатынас жолдарының жоқтығы салдарынан, сондай-ақ төтенше жағдай немесе төтенше ахуал жағдайларында адамды тергеу судьясына уақтылы жеткізуді қамтамасыз ету мүмкін болмаған кезде жетпіс екі сағаттан аспайтын мерзімге ұстап алуға жол берілетін жағдайларды қоспағанда, адам қылмыс жасады деген күдік бойынша қырық сегіз сағаттан аспайтын мерзімге, ал кәмелетке толмаған адам – жиырма төрт сағаттан аспайтын мерзімге ұстап алынуы мүмкін.   
Сондай-ақ, өзгешеліктердің бірі ҚР ҚПК 179-бабына енгізілген өзгертулер болып табылады, осыған сәйкес құқық қорғау органдары қолданыстағы заңнаманы бұзушылықтар туралы, тексерулер, ревизиялар, аудит актілерімен және олардың болуы қылмыстық құқық бұзушылықтың міндетті белгісі болып табылатын басқалармен расталған нұқсан, елеулі зиян не заңсыз кіріс туралы мәліметтері жоқ, жазбаша нысанда жасалған және сот жарамсыз, жалған немесе өтірік деп танымаған азаматтық-құқықтық мәмілелерді орындамауға немесе тиісінше орындамауға негізделген бұзушылықтар жөнінде қылмыстық құқық бұзушылық туралы арызды, хабарды немесе баянатты Сотқа дейінгі тергеп тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеуге құқысыз.  
Сонымен, салықтық тексеру актісі немесе ревизиясы, не мәміленің жалғандығы немесе өтіріктігі туралы сот шешімі болмаған жағдайда бұл норма тергеп тексеруді бастауға тыйым салады. 
Қылмыстық процестің тиімділігін оңайлату және арттыру, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп тексеру материалдарының өңін айналдыруды барынша азайту және қылмыстық процестің ашықтығы  мақсатында қылмыстық өндірістің форматы да өзгертілді. Енді, ҚР ҚПК 42-1-бабы қылмыстық сот өндірісін қағаздық және (немесе) электрондық форматта жүргізуді көздейді. Бұл ретте, қылмыстық процесті жүргізетін адам өз қалауы бойынша қылмыстық сот өндірісін электрондық форматта жүргізе алады, бұл туралы уәжделген қаулы шығарылады. Қылмыстық сот өндірісін одан әрі электрондық форматта жүргізу мүмкін болмаған жағдайда, қылмыстық процесті жүргізуші адам қағаздық форматқа көшеді, бұл туралы да уәжделген қаулы шығарылады.  
Сонымен қатар реформалаудың маңызды бөлігі ең алдымен адвокаттардың процестік мүмкіндіктерін кеңейту есебінен қылмыстық процестің жарыспалылығын арттыру болып табылады.   
Адвокаттардың өкілеттіктерінің бүгінгі тізбесі олардың қорғауындағы адамдарының мүдделерін сапалы түрде толыққанды қорғауына мүмкіндік бермейді. Сондықтан қылмыстық-процестік заңнамада адвокаттарға дәлелдемелерді жинауда барынша кең өкілеттіктер берілген.   Оның ішінде,  ҚР ҚПК 70-бабына сәйкес адвокат  жасырын тергеу әрекетін қоспағанда, оның ішінде қылмыстық қудалау органы осындай өтінішхатты қанағаттандырудан негізсіз бас тартса не ол бойынша үш тәулік ішінде шешім қабылданбаса, тергеу судьясының алдында сараптама тағайындау не сотқа дейінгі тергеп тексеру органының тергеу әрекетін жүргізуі туралы өтінішхат беруге құқылы.  
Сондай-ақ аспектілерінің бірі тергеп тексеру процедураларын оңайлату және процестің тиімділігін қамтамасыз ету болып табылады. Бүгінгі таңда қылмыстық істерді тергеп тексеру бұрынғыша күрделі әрі қаржылық шығынды процесс болып табылады, бұл әсіресе қылмыстық теріс қылықтарға қатысты. Осыған байланысты олар бойынша өндіріс қылмыстық теріс қылықтарды тергеп тексерудің ерекше тәртібі – бұйрықтық өндірісті жасау есебінен барынша көп оңайланады. 
Айталық, қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар бойынша іс, егер жиналған дәлелдемелер арқылы қылмыстық теріс қылық және (немесе) онша ауыр емес қылмыс фактісі және оны жасаған адам анықталса; күдікті қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы өз кінәсінің қолда бар дәлелдемелеріне дау айтпаса, өз әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) саралануына, келтірілген нұқсанның (зиянның) мөлшеріне (сомасына) келіссе; жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың санкциясы негізгі жаза түрлерінің бірі ретінде айыппұлды көздесе; күдікті істі дәлелдемелерді зерттемей, өздерін істі сотта қарауға шақырмай және қатыстырмай, бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен қарау туралы өтінішхат мәлімдесе, ал жәбірленуші, сондай-ақ азаматтық талапкер мен азаматтық жауапкер (олар іс бойынша қатысқан жағдайда) бұған келісім білдірсе, ҚР ҚПК 629-1-бабымен бұйрықтық іс жүргізу тәртібі көзделген. Аталған баптың нормаларымен бұйрықтық іс жүргізуді қолдану мүмкін еместігінің негіздері көзделген (қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейін өз әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) іс жүзіндегі сипаты мен қоғамдық қауіптілігін ұғыну не оларды игеру мүмкіндігінен айыратын психикасының бұзылуымен ауырған адамға; кәмелетке толмаған адамға немесе дене немесе психикалық кемістігі салдарынан өзінің қорғалу құқығын өзі жүзеге асыра алмайтын адамға; қылмыстық қудалаудан артықшылықтары мен иммунитеті бар адамға; міндетті қосымша жазалау ретінде мүлікті тәркілеу, арнаулы, әскери немесе құрметті атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, біліктілік сыныптан және мемлекеттік наградалардан айыру, белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру, Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу   қолданылуы мүмкін адамға және т.б.).     
Азаматтардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыру мақсатында жүргізіліп отырған реформада сотқа дейінгі кезеңді сотпен бақылауды одан әрі кеңейту көзделуде. 
Ұлт жоспары – 100 нақты қадам тергеу судьяларына адамның конституциялық құқықтарын шектейтін барлық тергеу әрекеттерін санкциялау өкілеттіктерін кезеңімен беруді көздейді. 
Оның ішінде, ҚР ҚПК 55-бабына енгізілген өзгертулер және толықтырулар тергеу судьясының жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуді санкциялау, жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу мерзімін ұзарту, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының адамды оған қатысты жүргізілген жасырын тергеу әрекеттері туралы хабардар етпеуіне келісім беру; кепіл қолдануды санкциялау;  мәжбүрлеп куәландыруды санкциялау; үлгілерді мәжбүрлеп алуды санкциялау; сараптама тағайындау не қылмыстық қудалау органының, жасырын тергеу әрекеттерін қоспағанда, оның ішінде, егер қылмыстық қудалау органы осындай өтінішхатты қанағаттандырудан негізсіз бас тартса не ол бойынша үш тәулік ішінде шешім қабылдамаса, өзге тергеу әрекеттерін жүргізу туралы мәселені қарау өкілеттіктерін көздейді. 
Қылмыстық-процестік заңнамаға қылмыстық сот өндірісінде адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған бірқатар өзге де өзгертулер және толықтырулар бар.    

Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті


Поделиться ссылкой: # # # # # # # # # # # #
Кто онлайн